Алматы облысында дүкендегі жанжалдың соңы пышақ сұғумен аяқталды, деп хабарлады Sputnik агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
28 қарашаға қараған түні Қаскелең қаласының орталық ауруханасына пышақ жарақатымен Шамалған станциясының 35 жастағы тұрғыны жеткізілген.
Қарасай ауданы полициясы аталған деректі қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі; 99-бабы 1-бөлігі "адам өлтіруге оқталу" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеді.
Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктіні анықтады. Іле ауданының 37 жастағы тұрғыны 7 желтоқсанда Алтын Орда базарында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Дәлелдер келтірілген соң күдікті қылмысын мойындады. Ол дүкенге алты бөтелке сыра ішіп келгенін, басқа сатып алушының сатушыға тиіскенін ұнатпай қалғанын айтты. Жанжал кезінде ол жәбірленушінің арқасына бірнеше рет пышақ сұққан.
Содан кейін ер адам қылмыс орнынан қашып, пышақты лақтырып кеткен.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.