03 ақп, 2022 сағат 16:45

Алматы облысында бір жылда 102 жемқор сотталған


Алматы облысында 166 адам жемқорлық үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменті өткен жылы бойынша 166 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартып, 102-сі сотталды. 

Бұл мәліметті департамент басшысының орынбасары Facebook желісінде өткен AntikorLIVE жобасының тікелей эфирінде айтты.

Ведомство басшысының орынбасары 2021 жылды қорытындылай отырып, превенция және жедел-тергеу бағыты бойынша жұмыс нәтижесін жеткізді.

«Департамент 2021 жылдың 12 айында 101 қылмысты тіркеді, оның ішінде 75 қылмыс - сыбайлас жемқорлық. Сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін 166 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 23 адам - әртүрлі дәрежедегі бірінші басшылар. 102 адам сотталды, оның ішінде 87 адамға 250,4 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Бас бостандығынан 8 адам айырылды. Тағы 8 адамның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте жұмыс атқару құқығынан өмір бойына айырылды», - деді Жандос Жұмабаев.

Департамент басшысының ақпаратына сәйкес, департамент мемлекеттік сатып алу мониторингін жүргізу барысында облыс бюджетін тиімсіз қолданбақ болған мекемелерді анықтап, 11 млрд теңгеге жуық қаражатты үнемдеп қалған. 

Облыста 425 мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс лауазымдары енгізілген. 

«Биыл департамент мамандары жемқорлық тәуекелдері бар мемлекеттік мекемелерге 8 ішкі талдау шарасын жүргізді. Нәтижесінде 143 дерек тіркеліп, жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 100%, яғни, 143 ұсыным орындалды», - деді ведомство басшысының орынбасары.

Айта кету керек, өткен жылғы аяқталған қылмыстық істер бойынша жалпы залал 3,9 млрд теңгені құрады, оның 3,8 млрд теңгесі өтелді.