Алматы облысында бір тәулік ішінде 1000-нан астам құқық бұзушылық әшкереленді, -деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында тәртіп сақшыларының бір күндік қызметінің нәтижесі осындай болды.
Іс-шара қоғамдық тәртіпті сақтауға, көшелер мен қоғамдық орындардағы қылмыстардың алдын алуға және оның жолын кесуге бағытталған.
«Бұл күндері Алматы облысының полиция қызметтері мен бөлімшелерінің жеке құрамы күшейтілген тәртіпте қызмет атқаруда. Барлық жерде әр ауданның полиция басқармаларында полицияның кешенді және берілген күштерінің бірыңғай таратылымы жүргізіледі. Ол жерде командирлер оларды учаскедегі ағымдағы криминогендік жағдай туралы міндетті түрде хабардар етеді, ашылмаған қылмыстар бойынша бағдар береді, сондай-ақ, әдетте, көшелер мен қоғамдық орындарда жасалатын әкімшілік бұзушылықтардың алдын алу және анықтау бойынша міндеттер қояды. Нақты айтсақ, облыс бойынша кезекші тәулік ішінде саптық және жедел бөлімшелердің күшімен 32 қылмыстың «ізі суымай» және бұрын жасалған 19 қылмыс ашылды. Олардың қатарында тонау, бұзақылық, есірткі заттарын сату, бөтеннің мүлкін ұрлау, зорлау, алаяқтық, суық және атыс қаруын заңсыз сақтау фактілері, өзгенің көлігін айдап әкету және т.б. бар», - деді Алматы облысы ПД бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Серік Жүнісбеков.
Сонымен қатар, полиция құқық бұзушылық жасағаны үшін 1029 адамның әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады. Олардың ең көп тіркелген құқық бұзушылықтардың бірі – ұсақ бұзақылық және қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішу.
«Осы жұмыс аясында әрбір ауланы аралау жүзеге асырылады. Сонымен қатар, жедел-профилактикалық іс-шаралар кезінде жергілікті полицейлер міндетті түрде есепке алынған және бұрын сотталған азаматтарды, ал ювеналды полиция қызметкерлері тұрмысы төмен отбасыларды тексереді. Кешенді негізде бұл жұмыс облыстағы криминогендік жағдайды айтарлықтай жақсартуға, сондай-ақ кез келген сипаттағы құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді», - деп қорытындылады подполковник Серік Жүнісбеков.