Алматы облысында 82 жастағы қарияның 800 мың теңге ақшасы ұрланды. Жәбірленуші бұл қомақты қаражатты өзінің жерлеуіне жинағанын айтқан, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған факті бойынша 29 жастағы бір-біріне туысқан әйел мен ер азамат ұсталды. Олар Алматы қаласының тұрғындары. Сондай-ақ, екеуінің сыбайласы 41 жастағы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны да күдікті ретінде қолға түсті. Ұсталғандардың сөзінше, қарияда қомақты қаржы бар екенін күдікті әйел адам айтқан. Ол бұған дейін де «тонау» фактісі бойынша сотталған. Соның айтуы бойынша, екі ер адам электр маманы ретінде қарияның үйіне барып, 82 жастағы әйел адамды скотчпен байлап, шкафта тұрған ақшасын тонап кеткен. Қазір күдіктілер күзетпен қамауға алынды. Бұл іс ҚР ҚК 192-бабы 3-бөлігі яғни, «Тонау» дерегі бойынша тіркеліп, сот-алды тергеу жүріп жатыр.