Алматы облысында вакцинацияның жалған паспортын жасаған 20 жастағы тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті Қарасай ауданында қолға түскен. Ол қолхатпен жіберілді.
«Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 385 бабы 1-бөлігі бойынша тіркелді. 8 қазан күні Қарасай ауданында жедел-іздестіру шарасы кезінде Алматы облыстық ПД Экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері деструктивті діни ағым өкілі, 20 жастағы тұрғынды ұстады. Ол вакцинация паспортын заңсыз рәсімдеумен айналысып келген», - делінген ведомство хабарламасында.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, күдіктіге 160 АЕК көлемінде яғни, 467 мың теңге айыппұл салынады немесе 160 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады. Не болмаса 40 тәулікке қамауға алынады. Ал анализбен қосып, жалған вакцинация құжатын жасағандарға 2 000 АЕК көлменде яғни, 5,8 млн теңгеге дейін айыппұл салынады. Не болмаса 600 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе ауыру жасасына тартылуы мүмкін.