Сурет: ҚР ІІМ баспасөз қызметі
Ішкі істер министрі Алматы облысы полиция департаментінің басшы құрамымен ағымдағы жылдың тоғыз айындағы жедел қызметтің қорытындысы бойынша жиын өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ішкі істер министрі Ержан Саденов жедел кеңесте жеке құрамға ПД жаңа басшысын таныстырды.
"ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен облыстық полиция департаментінің бастығы болып Мейрам Әбікеев тағайындалды. Полиция полковнигі бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы ПД бастығының орынбасары болған. Облыстық департамент бастығының бірінші орынбасары болып Бағдат Әшімов тағайындалды", - делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметінің 2024 жылдың 19 қазанындағы хабарламасында.
ІІМ басшысының бұйрығымен:
- ПД бастығының бірінші орынбасары Серік Шалхаров;
- Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы Нұржан Күнтүнов;
- ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ұлан Байтақов;
- ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Руслан Смағұлов;
- ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Дулат Қайыр және оның орынбасары Жанат Омаров лауазымдарынан босатылды.
Жедел кеңестің қорытындысы бойынша министр өңірдегі құқықтық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
ІІМ басшысы Талғар ауданында кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатқан жедел-тергеу тобын жеке тыңдады. Бұл бойынша нақты тапсырмалар берілді.