Алматы және Талдықорған қаласында жанар-жағармай бекетін тонаған қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция екі қаладағы жанармай бекеттеріне қарулы шабуыл жасаған 27 жастағы талдықорғандық такси жүргізушісін ұстады.
«Республикалық тасжолдың бірінде жедел уәкілдер жеңсіз кеудеше, көзге арналған ойықтары бар тоқылған бас киім мен ұрланған қол сөмкені тапты. Күдікті 27 жастағы талдықорғандық болып шықты. Ол жалға «Toyota Camry» автокөлігін алып, такси қызметімен айналысқан», - деді Алматы облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Елдар Әбдікенов.
Сондай-ақ, ресми хабарламада айыптының автокөлігін тінту кезінде алты патроны бар РС-31 револьвері табылғаны айтылған.
«Ол қаруды екі қылмыс жасау кезінде де қолданған. Қару тәркіленіп, баллистикалық сараптамаға жіберілді», - дейді ведомстводан.