14 шіл, 2022 сағат 12:20

Алматы көшесінде оқ атқан ер адам 7 жылға сотталуы мүмкін


Алматыда айдың-күннің аманында қолына қару алып, жергілікті тұрғындардың үрейін ұшырған ер адам 3-7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Алатау ауданының прокуроры Ізбасар Масақбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат "Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.

10 шілде кешкі сағат 10.00-де «Алатау сити» тұрғын үй кешенінің 37 жастағы тұрғыны «Вепрь» маркалы атыс қаруын алып бірнеше рет оқ атқан. Абырой болғанда ешкім жараланған жоқ.

Полиция департаменті оның бұл әрекетін отбасындағы жанжалмен байланыстырып отыр. Алыс сапардан келген жүк көлігінің жүргізушісі әйелімен сөзге келіп қалған.

Құзырлы орган өкілдігінің хабарлауынша, іске қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған.

«Мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы сакцияланды. Аталған азаматтың іс-әрекетін ақтауға келмейді. Себебі ол ықшамауданда 2 мыңнан астам азамат тұрады. Қару ұстауға, сақтауға оның рұқсат қағазы бар. Бірақ орынсыз қару қолдану, көпшіліктің үрейін алу тергеу кезінде сарапталады», – деді Алатау ауданының прокуроры Ізбасар Масақбаев.