Графика – жазу өнері. Графикалық таңбалардың даму тарихы ұзақ. Жазу өнерінің негізгі мақсаты - естілетін сөздің дискреттілігі және сөз әртүрлі контекстерде әлденеше рет қайталанса да біркелкі танылуын қамтамасыз ету. Жазу прототиптерін (пиктография, идеография, логография т.б.) адамзат баласы жетілдіре отырып, идеографиялық принциптен силлабикалық (буындық) және алфавиттік (әріптік) принципке көшірді. Бірақ бұрынғы да, қазіргі де жазу типтері бір фонема бір графема принципін ұстанғанмен, бір таза принциппен әліпби құрастыру мүмкіндігі қашан да аз болған.
Адамзат тарихында жазу икондық жазу түрінен символдық/схематикалық жазуға, бейнеліліктен фонографикалық жазуға, таңбалардың көптігінен олардың азаюына қарай эволюциялық даму сатыларынан өткен. Тіпті әріптік жүйенің өзі қазіргі жетілген түрін алғанға дейін квазиәліпбилік, яғни тек дауыссыз дыбыстар ғана жеке таңба алған сатыны бастан кешірген. Осы квазиәліпбилік кезеңде мәтінді оқу мен жазу кезіндегі қиындықтар жазу жүйесіне диакратикалық және сөз айырушы таңбалардың қосылуына әкелді. Сөйтіп алғаш рет грек жазуының құрамына дауысты дыбыстарға жеке таңба беріліп, осы әліпби этрус, латын, руника, провансаль, қазіргі ирланд, итальян, испан, португаль, француз, ағылшын, неміс, швед, дат, норвег, фин, венгр, латыш, литва, чех т.б. жазу жүйелерінің прототипі болды.
Жазудың қолайлылығы я қолайсыздығын бірден аңғара қою қиын. Жазуды пайдаланушы әрбір социум үшін ең маңыздысы – орфография. Орфографияның тарихи, морфологиялық, фонетикалық, иеороглифтік, дәстүрлі деген түрлері болады. Орфография жазудың функционалды әлеуеті мен мән-маңызын айқындайды. Қоғам басымдықпен уәждендіре отырып, аталған принциптердің біреуін я болмаса екеуін таңдауға мүмкіндігі болады, я болмаса қалыптасқан жағдай таңдатуға міндеттейді. Принциптер арқылы жазба тілдің ережелері мен нормасы қалыптасады. Бірақ мәртебелері бірдей саналғанмен, принциптердің нақты бір әліпби мен орфографияны қалыптастыру кезіндегі мүмкіндіктері бірдей бола бермейді.
Орфографиялық принциптің түрлері бар, соның бірі - қоғаммен байланыс үзілмейтін актив түрі. Бұл орфографиялық принципке мемлекеттің қолдауына сүйенген мамандардың жазу нормасын қалыптастыру мен жетілдіруі жатады. Дүние жүзі жазу тәжірибесінде осы принциптің ең жарқын үлгісіне немістердің жазуы жатады және ол жазба тілді меңгерудегі ең қолайлы түр саналады. Немістердің жазуындағы доминант принцип фонетикалық және морфологиялық, ал ұстанымы «қалай жазсаң, солай сөйле» (М. Штайнхардт), неміс халқы осы негізде біртекті айтылым нормасын қалыптастырған, «Қалай сөйлесең, солай жаз» деген принцип те осыған саяды, екі принцип жазу мен айтылудағы айырманың аз екенін көрсетеді. Ғалымдар дәстүрлі және иеорглифтік принципке негізделген ағылшын жазуы қолайлығы тұрғысынан неміс жазуынан көш кейін екендігін айтады. Ағылшындық сауаттылық пен немісше сауатты болудың арасы жер мен көктей дей отырып, ағылшынша сауатты болу қиындықпен келетінін атап өтеді. Неміс жазуының қолайлығы мемлекеттің қамқорлығының арқасында жүзеге асқан. Мезгілі келгенде графика мен орфография ережелері қайта қаралып, оларды оңайлату, дыбыс тілін таңбамен кодификациялауды оңтайландыру әрекеттері жүргізіліп отырғанына 400 жылдан астам уақыт болыпты.
Ақиқатында сөзді инвентаризациялаудан кейін ғана әліпбидің мықты-осал тұстары білінеді. Ол үшін, ең алдымен, лексикографиялық тәжірибе жасалады, яғни сөздіктер құрастырылады, сөз типтерінің - күрделі, кірме сөздер, терминдер, ономастикалық атаулар, гибрид сөздер т.б. - жазылу ерекшелігі анықталады, анықтағыштар жазылады т.б. Бұрын мұндай процесс ондаған жылдарға созылатын. Қазіргі заманауи технологиялар осындай тәжірибелердің тез, санаулы уақытта өтуіне мүмкіндік тудырып отыр. Соның арқасында 2017 жылдың қазан айында қабылданған латыннегізді қазақ әліпбиінің апострофты түрінің кемшілігінің көптігін айтқан пікір қалыптасты. Ал Елбасымыздың жаңа әліпби жобасын халықтың қолдауын алуын мақсат етіп, талқылауға ұсынуын демократияланған қоғам белгісі деп бағалау керек. Осыған орай ғалымдар тарапынан Елбасыға хат жазылды. Онда: «2017 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы «Ғалымдар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі тарапынан Сіздің атыңызға Ашық хат жолданған болатын. Онда Сіздің «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақалаңыздың басым бағыты болған латын әліпбиін жетілдіруге қатысты ұсыныстар баяндалған еді. Орталық баспасөзде жарияланған Ашық хатқабайланысты соңғы бір ай көлемінде 12 мыңнан астам пікір келіп түсті. Қоғам жұртшылығы Сіздің рухани жаңғыру жолындағы идеяларыңыз бен бастамаларыңызды қолдайтындығын білдіре отырып, қазақ тілінің табиғи заңдылықтарын сақтау, әрбір қоғам мүшесінің қазақ тіліне деген сұранысын одан әрі арттыру, сөз мәдениетін және жазу сауаттылығын жоғары деңгейде одан әрі қалыптастыру үшін латыннегізді әліпбиді жетілдіру бойынша маңызды ой-пікірлер ұсынды», - дей келе, сараптама қорытындылары әлі де болса латыннегізді әліпбиді жетілдіруге қатысты проблемалардың бар екендігін дәлелдейтінін, ұсынып отырған латыннегізді әліпбидің жаңа Жобасында осы мәселені ескеруді сұрайды. Хат соңына жоба тіркелген.
Ғалымдар ұсынған отырған жобаның артықшылықтары хатта сараланып көрсетілген. Дегенмен, ғалымдар жобасында қазақтың төл дыбыстары толық қамтылғанын, кірме сөздердің фонологиясын жеткізетін таңбалар берілгенін (яғни заманауи процестер ескерілгенін), қазақтың жіңішке айтылатын дыбыстары (ә, ө, ү) умлаутпен таңбаланғанын, таңба саны 26-дан аспайтынын, оның 23-і ағылшын-латын әліпбиіндегі әріп таңбаларына сәйкестігін, әріпасты диакритикамен берілген таңба барын (ң) айту керек.
Ескерер жайт, жазу үлгісінде әріпүсті диакритиканың бірыңғай қолданылуын міндеттейтін ереже дүние жүзі әліпбилерінде жоқ. Әліпбидегі ең негізгі мақсат – қолайлылық (оқудағы және жазудағы) пен тіл заңдылықтарының сақталуы, интернет-технологияларға бейімделуі. Қазақ жазуының реформаторы атанған А.Байтұрсынұлы «әр әріптің басынан сипап отыратын» (диакритикасы көп) ескі араб жазуымен жазылған қазақ сөздерінің оқуға, жазуға қолайсыздығын ескерткен. Сондықтан өзінің төте жазуына әріпүсті және әріпасты диакритикалық таңбаларды енгізе отырып, дәйекшені қосқан.
Қазанда қабылданған әліпбилік жобада әріпүсті диакритикалық таңбалармен қазақтың төл дыбыстарын жазу, сөзді оқу қиындықпен келетінін тәжірибелер көрсетті, көзбен қармауда, сөзді жазуда да қолайсыз келіп, тұтас сөздің бөлшектенуі байқалды. Сондықтан тек әріпүсті диакритиканы қалдыру А.Байтұрсынұлы ескерткен жағдайдың қайталануына әкелер еді, сондықтан тарихи тәжірибені ескеру дұрыс.
Диакритикалық таңбалардың дыбыс таңбалаудан бөлек сөз мағынасын айыру қызметі бар. Бұл қазіргі ағылшын тілінде кең тәжірибеленеді. Мысалы, Аﹸпорт сөзіндегі диакритика (үтір) мағына айыру қызметін атқарады. Ғалымдар жобасындағы өте жиі қолданылатын, халықаралық терминдер (мысалы, университет) құрамындағы у әрпі W емес, танымал, жадта графикалық образы қалыптасқан латынның u таңбасымен берілуі жастар мен орта, егде адамдар және шетелдіктер үшін де ыңғайлы.
Ұсынылып отырған әліпби жобасында диакритиканың әріпүсті мен әріпасты түрі қолданылған және жобаны ұсынып отырған белгілі ғалымдар латынға көшу кезіндегі ТМД елдерінің, түрік халқының тәжіирбелерін зерттеген, олардың кемшіліктерінен қорытынды жасап, жобаны жетілдірген.
Иә, сөз жоқ, латынға көшу - аса маңызды тарихи оқиға, тарихи шешім. Тарихи шешімнің қапысыз болуын мақсат ету Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың екінші рет (19.02.2018ж.) әліпби жобасын қабылдау туралы жарлыққа қол қоюынан көрінеді. Өйткені жазу ыңғайлы болса, ұлт тілінің заңдылықтарының бұзылмауына көмегі тисе, оның маңызы арта түседі. Болашақта қайта-қайта реформалай бергеннен гөрі жетілген әліпби қабылдау әліпби өмірін ұзартады, экономикалық жағынан да тиімді. Осы орай Президент жарлығымен қабылданған соңғы әліпби мен ғалымдар ұсынып отырған әліпбиді салыстырғанда, мынадай артықшылықтар мен кемшіліктер байқалды:
Екі нұсқа да таза апострофтық принципке негізделмеген. Ақпан әліпбиінде ш, ч дыбыстары диграфтармен таңбаланып, апострофтар екі дыбысқа азайған. Қазан нұсқасында ш, ч апострофпен берілген еді. Ал ғалымдар ұсынған жобада ш, ң әріпасты диакритикамен таңбаланған. Әріпүсті диакритика екіге азайған. Ш әрпінің қазақ сөздерінде жиі кездесетінін ескергенде, диграфтық таңба сөздің тұрқын ұзартатынын айту керек.
Ғалымдар жобасында қазақтың жіңішке айтылатын дыбыстары (ә,ө,ү) умлаутпен таңбаланған, ақпан әліпбиінде бұл дыбыстар акутпен берілген, яғни қазан нұсқасының негізінен (әріпүсті белгі) сақталғанын көрсетеді. Ғалымдар атап берген апострофтармен жазу кезіндегі қиындықтар әлі де болатыны байқалады, өйткені осы төл дыбыстарымен келетін сөздердің жиілігі жоғары. Жаңа нұсқа да диакритиканың бір түрі акутпен (лат. Acutus), екпінді білдіретін үшкілменжасалған. Акут грек, роман, славян тілдерінде екпіннің тұрақсыздығының, ауыспалы екпіннің белгісі саналады.
Ғалымдар жобасында ұ,ғ дыбыстары да умлаутпен таңбаланған, ал ақпан әліпбиінде ұ дыбысының ағылшынның u–мен берілуі қазақтың төл сөздерін жазу кезінде халықаралық терминдердің графикалық образы кедергі келтіретінін ескермегендікті байқатады. Мысалы, университет (кирил) - universitet (ағылшынша, ғалымдар жобасы) - Ү́niversitet (ақпан нұсқасы), Нұргелді (кирилше)- Nürgeldi (ғалымдар жобасы) - Nurgeldi (ақпан нұсқасы) т.б.
Ғалымдар жобасында і латынның і-мен берілген, ал ақпан әліпбиінде і бұрынғы кирилл таңбасымен, яғни қабылдауға оңай күйінде қалдырылған. Бірақ екі жобада і мен и-дің бас әріптері бірдей таңбаланатыны (I) ескерілмеген. Бұл екі әліпбидің де кемшілігі деп білеміз. Келесі кемшілігі й дыбысы мен и-дің бір таңбамен берілуіне байланысты. Қазақ сөздерін жазуда буын саны көбею ықтималдылығы басым. Мысалы, ійіс – иіс т.б. Қазақ сөздері үшін бұл аса бір кемшіндік бола қоймайды, себебі қазақ тілінде қысқа й (ый, ій) ғана бары айтылып жүр, бірақ кірме сөздерді таңбалауда қиындық туындауы мүмкін (әсіресе қазақ тілді мектептерде орыс тілі мен әдебиетін оқығанда орыс әліпбиі қалатынын ойлағанда), әсері болады, жаңылысу болады. Ал жағымды жағы - қазақ жазуында кірме сөздерді сындырып жазу мен айту – латыннегізді жазуға көшудің бір шарты болып табылады.
Ң дыбысы ғалымдар ұсынып отырған жобада әріпасты диакритикамен таңбаланған, жазуда қолайлы және алғашқы латыннегізді (1940 жылдардағы) жазуда осылай таңбаланған, тәжірибеде болған. Ақпан әліпбиіндегі ң тағы да әріпүсті диакритиканы көбейтіп, төл сөздердің жазылуында, таңбалануында (сөздің бөлініп кетуі) қиындықты көбейтеді.
Х,һ екі нұсқада да бірдей таңбаланған. Екі дыбыстың осы кезге дейін даму барысында мағына айыратын функциясы қалыптасып кеткені ескерілмеген. Хабар деп жазуға көз де, қол да үйренгенмен, қаһарлы-ны қахарлы (Гауһар - Гаухар) деп жазуды қабылдау, көз алдымызда қалыптасқан графикалық бейнені өзгерту, санада қалыптасқан ережеден бас тарту оңай бола қоймайды. Қалай десек те әліпби бір әріпке кеміді, жазуда біраз өзгерістер болады.
Екі жобада да Ww таңбасының алынбауын құптау керек. Себебі бұл таңба қазіргі технология заманында абстрактіленген, дыбыстан гөрі символдық қызметке көшкен, айталық, электронды мекенжайлар т.б. Бұл - екі жобаның ұтымды тұсының бірі.
Умлаут пен диграф екі жобаның негізгі ерекшеліктерін тудырып тұр. Умлаут еуропа тілдері әліпбилерінде қолданылады, тәжірибеден өткен. Умлаут тек әріптің үстіне қойылатын фонетикалық белгі, екі әріптің арасына түспейді, әріп шекесіне қойылмайды. Ал апостроф әріптің үстіне емес, әріптің оң жақ шекесіне қойылады, сондықтан оның қазан жобасында компьютердегі кеңтаралымды шрифтімен жазғанда және қолмен жазған кезде сөздің бөлініп жазылуына әсер ететінін көпшілік түсінді. Диакритикалық әліпбидің қай түрі болмасын, акутпен жазылған әліпби де, қазіргі кезде кең аралған Times Neu Roman шрифтімен емес, басқа шрифт түрлеріне қолайлы екені студенттер арасында жасалған тәжірибелерден байқалды. Бұл латынқаріпті кеңістіктің бір талабының толыққанды орындалмайтынын, яғни біртекті шрифті пайдалануда қиындық туатынын көрсетеді.
Кез келген әлеуметтік ортада сол ортаның ауызша айтуы-сөйлеуі мен жазуында басшылыққа алатын екі норма болады, ол - орфографиялық және орфоэпиялық нормалар. Норма – қарама-қайшылықтары көп жалпытілдік категория. Норманың тұрақсыздығы жағдайында оның бар болмысы статика мен динамиканың қарама-қарсылығымен анықталады. Ал жазуда норма қатаң сақталуы тиіс, дегенмен жазып отырған адам мен сөйлеп тұрған адамның діттемі екі түрлі болады. Ғалымдардың пайымдауынша, жазуда тиімділікті сақтау үнемі жадта тұрса, сөйлеу кезінде этностық ерекше белгілер анық көрінеді екен. Екеуі де қазақ жазуы үшін керекті нәрселер.
Қорыта келгенде, бір ғасырда әліпбиді бірнеше рет ауыстырған қазақ халқы үшін қабылданатын латыннегізді жаңа әліпби өмірінің ұзақ болуы қажет-ақ. Сондықтан ғалымдар тарапынан ұсынылып отырған жобадағы ұтымды ұсыныстар әлі де ескерілер деген ойдамыз. Өйткені әр нәрсені жетілдіру – мақсат әрі міндет.
Бағдан Момынова,
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институтының бас ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының докторы