18 мам, 2021 сағат 10:44

Цой: Мамырдың соңында қосымша «QazVac» пен «Hayat-Vax» вакциналары жеткізіледі


Мамырдың соңына дейін «QazVac» пен «Hayat-Vax» вакциналары жеткізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Коронавирусқа қарсы вакциналау жалғасып жатыр. Бүгінде вакцинаның 2,6 млн дозасы қолданылды. Оның ішінде бірінші компонентпен 1 871 823 адам екпе алды. Екінші компонентпен 778 346 адам қамтылды», - деді министр. 

Сонымен қатар ол Бас мемлекеттік санитар дәрігердің Спутник V вакцинасының бірінші компонентінен кейін екіншісін алу аралығын 21-ден 90 күнге дейін ұзартуға қатысты қаулысына өзгерту енгізілгендігін атап өтті. Яғни, азаматтар екінші компонентті біріншісін алғаннан кейінгі 21 күннен бастап салдыра алады. 

«Бүгінде екпе пункттерінде вакцинаның жеткілікті дозасы бар: шамамен 500 мың бірінші компонент және 750 мың екінші компонент. Вакцинаны жеткізу де кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 14 мамырда Қарағанды фармацевтикалық зауытына Спутника V өндіруге арналған субстанция жеткізілді. Қазіргі уақытта вакцинаның 1,2 млн дозасын кезең-кезеңімен өндіру жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар айдың соңына дейін қосымша KazVac және Hayat-Vax вакциналарының жеткізілуі күтіліп отыр», - деді Алексей Цой.