Коронавирусқа қарсы вакцина алдағы уақытта қазақстандықтарға ақылы бола ма? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз қазіргі уақытта Қазақстанға әкелуі мүмкін вакциналардың бәрін зерттеп жатырмыз. Бәрі де тіркеу процедурасына байланысты. Қазақстан нарығында ол вакциналардың пайда болу кезеңіне қарай біз өз елімізде оны пайдаланып, халыққа екпе жасауға тырысамыз. Сол себепті Қазақстанға қай вакцина бірінші кіргізілетінін болжап білу қиын. Біз шамамен 10 шақты вакцинаның барын көріп отырмыз. Олар клиникалық сынақтың әртүрлі сатысында тұр», - деді Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуына қарағанда әлем елдерінде жасалып жатқан 5-6 вакцина клиникалық сынақтың үшінші сатысында тұр.
«Сондықтан біз бұл вакциналардың біздің нарыққа кіргені маңызды. Сол себепті вакциналарды өндіретін компаниялармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бұл компаниялар Қазақстанға кіріп, тіркелгені керек. Олармен қанша вакцина жеткізе алатыны туралы келіссөздер жүргізілуде», - деді ол.
Алексей Цой осы вакциналардың бірі сынақтан сәтті өтсе қазақстандықтарға коронавирусқа қарсы екпе тегін немесе ақылы болатыны туралы сұраққа жауап берді.
«Біз міндетті екпеге жататын азаматтардың санатын бекіткенбіз. Оларға тегін вакцина егіледі. Одан кейін біз осы вакциналар нарықта пайда болатындай жағдай жасағымыз келеді. Сонда ниет білдірген азаматтар тұмауға қарсы екпені жасата алады. Яғни, вакцинаны сатып алу мүмкіндігі жолға қойылуы керек», - деді ол.