Ashyq жүйесінің көмегімен «қызыл» және «сары» мәртебемен 3 256 адам анықталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«18 қаңтардан бастап кәсіпкерлік нысандарының қызметі мен эпидемиологиялық ахуал арасындағы теңгерімді сақтау мақсатында Ashyq жобасы ілкі режимде іске қосылып, 26 сәуірден бері бүкіл ел аумағына таратылды. Бүгінде «Ashyq» жүйесі қызметтің барлық саласында шамамен 6 мың нысанды қамтиды және 1 млн 400 мың қолданушы тіркелген. Жүйе іске қосылған сәттен бастап «қызыл» және «сары» мәртебемен 3 256 келуші анықталды. Олардың ішінде ПТР-дің оң нәтижесімен 1 867 науқас және 1 389 байланыста болған адам бар», - деді министр.
Сонымен қатар ол Ashyq жүйесі 12 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан қаласының әуежайында іске қосылғандығын, ал 21 мамырдан Алматы әуежайында қолданылатындығын атап өтті. Оның дерегінше, елорда әуежайында жүйенің көмегімен ПТР-дің оң нәтижесі бар 37 науқас және байланыста болған 37 адам анықталған.