14 жел, 2020 сағат 10:16

Алаяқтық арқылы азаматтардың дербес деректерін ұрлау фактілері жиілеп кетті - ІІМ

Еліміздің Ішкі істер министрлігі соңғы уақытта жеке тұлғалардың дербес деректерін алаяқтық жолмен иелену әрекетінің жиілегеніне алаңдаулы, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда жасалатын қылмыстың 10 пайыздан астамы - алаяқтық. Технологияның дамуына байланысты азаматтарды алдаудың әдістері күн санап өсуде. Соңғы уақытта интернет ресурстарда жарияланған хабарландыруларды пайдалана отырып, азаматтардың дербес деректерін иелену жағдайлары жиілеп кетті», - деді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз онлайн өткен баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ, министрліктің ресми өкілі алаяқтар өз әрекетін қалай жүзеге асыратынын айтты. 

«Алаяқтар азаматтар жариялаған хабарландыруларға қоңырау шалып немесе хабарлама жолдап, тауарды сатып алғысы келетінін және сатушының банк картасына кепілзат алуды ұсынады. Банк аударымын растау үшін алаяқтар сатушыға «фишинг» сілтемесін жіберіп, оны толтыруды сұрайды. Сілтеме іс жүзінде азаматтардың карточка шоты туралы ақпарат жинауға арналған. Осы деректерді алғаннан кейін алаяқтар жәбірленушілердің банк шотынан ақша ұрлайды», - дейді ол. 

ІІМ таратқан ақпаратқа сәйкес, 11 айда интернет алаяқтыққа қатысты 12 мыңға жуық іс тіркелген. 

«Оның 5 мыңға жуығы алаяқтардың интернет-сауда алаңдары мен сайтта жарияланған хабарландыруы бойынша жоқ тауарлар немесе қызметтер үшін толық немесе ішінара төлем жасау фактілері бойынша қозғалды. 2,7 мыңға жуық алаяқтық онлайн кредит рәсімдей отырып, азаматтардың дербес деректерін иеленуге байланысты болды. 1,5 мыңнан астам алаяқтық азаматтардың жеке деректері мен карточкалық шотының деректемелерін иемденіп, мобильді банкинг арқылы ақша ұрлау арқылы жасалған», - дейді ІІМ ресми өкілі.