14 ақп, 2022 сағат 13:15

Алаяқтар интернет арқылы тұрғындарды қалай алдайды


2020 жылы елімізде 14 мың интернет алаяқтық жасалса, өткен жылы оның саны 21 мыңға жеткен. Ал биыл жыл басталғалы 1177 интернет алаяқтық қылмыс жасалды. 

Бұл туралы ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Дүйсетаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылы елімізде 41 мың алаяқтық жасалды. Биыл қаңтарда оның саны 2,5 мыңға жетті. Талдау нәтижесі көрсеткендей алаяқтық көбінесе қарызға ақша беру арқылы жасалады. Нақты түрлерін атасақ, төменгі пайызбен несие беру, қызмет көрсету, жылжымайтын мүлікті сату тағы сол сияқты. Цифрлық технология дамыған сайын алаяқтықтың түрлі әдіс-тәсілі пайда болып жатыр. Яғни итнернет алаяқтық», - Рүстем Дүйсетаев министрлікте онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Министрлік ұсынған статистикаға сүйенсек, 2020 жылы елімізде 14 мың интернет алаяқтық жасалса, өткен жылы оның саны 21 мыңға жеткен.

«Биыл қаңтарда интернет арқылы 1177 алаяқтық әрекет істелген. Интернет алаяқтық қылмысының кең таралған түрі - тауар сату. Яғни интернет арқылы тауар сатады, сатып алушы алдын ала ақшасын төлейді, бірақ тауар жоқ. Содан соң микрокредиттік мекемелерден онлайн несие алу. Интернет алаяқтықтың тағы бір кең тараған түрі азаматтардың жеке деректерін біліп алып, банк картасынан ақшасын сыпырып алу. Көбінесе алаяқтар өздерін банк қызметкерімін деп таныстырады да клиенттен жеке мәліметтерді сұрайды, одан әрі жағдай белгілі», - дейді ол.