27 қар, 2021 сағат 11:16

Алаяқтар ақтөбеліктің атынан 3,7 млн теңге несие рәсімдеген


Ақтөбеде белгісіз адамдар жергілікті тұрғынның атынан несие рәсімдеген. Бүгінде облыс бойынша интернет алаяқтарына қатысты 101 іс тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бөлімшелерінде бүгінгі күні 112 алаяқтық дерегі тіркелген. Оның ішінде 101-і интернет алаяқтарына тиесілі.

«Алаяқтықтың бұл түрі кең тараған. Адамдар жоқ тауарларды сатып алуға ақша аударады. «Өзін банк қызметкерімін» деп таныстырған бейтаныс адамдардың өтініші бойынша басқа шоттарға қаржысын аударады және ұрланған немесе жоғалған жеке куәлігі секілді құжаттарына селқос қарайды. Мысалы қараша айында алаяқтар интернет ресурстар арқылы жергілікті тұрғынның атына жалпы сомасы 3, 7 млн теңгеге кредит ресімдеді. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін полиция қызметкерлері азаматтарға қырағы болуды ұсынады», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Банк қызметкерлері карта мәліметтерін, SMS және CVV кодтарды сұратындарға сенбеуге шақырды. Сондай-ақ алаяқтар көбіне: «Бұл банктің қауіпсіздік қызметі. Біз күдікті транзакцияны таптық, картаны бұғаттау керек. Деректеріңізді айтыңыз», - деп алдайды.