18 нау, 2022 сағат 17:09

Ақышев Елбасының көмекшісі қызметінен босатылды


Тұңғыш Президент-Елбасының шешімімен Данияр Талғатұлы Ақышев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының көмекшісі қызметінен босатылды, деп хабарлайды Elbasy.kz.

Данияр Талғатұлы 1976 жылы 25 мамырда Алматы қаласында туған. 

1996 жылы Қазақ Мемлекеттік Басқару академиясын экономист мамандығы бойынша үздік аяқтады (мамандануы - банк ісін ұйымдастыру). 

Еңбек жолын Орталық Азия қор биржасында маман ретінде бастады. 

1996-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің зерттеу және статистика департаментінде түрлі лауазымдар атқарды, 2003-2007 жылдары осы департаментті басқарды. 2007-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының орынбасары. 

2014-2015 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі лауазымын, 2015 жылғы тамыз - 2015 жылғы қараша аралығында сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті көмекшісінің міндеттерін уақытша атқарушы болды. 

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы (2015-2019); ҚР Президентінің кеңесшісі болды. 

Соңғы лауазымына 2019 жылдың сәуірінде тағайындалған.