Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің криминалдық полиция мен экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қарақшылық шабуыл жасап, екі жәбірленушіні зорлаған 1980 және 1982 жылы туған дәстүрлі емес теріс діни ағым өкілдерін ұстады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақтөбе облысының ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұсталғандар бұрын сотталған азаматтар. Дінді жамылып, есірткі қолданып, қылмыстық іс әрекетпен айналысқандар.
"2017 жылдың 11 сәуірінде Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы үйлердің пәтерлерінің бірінде күш қолдану арқылы 1991 және 1996 жылы туылған қыздарға қарақшылық шабуыл жасап, олардың 300 мың тенгеге бағаланатын заттарын иемденген. Өлтіреміз деп қорқытып, қыздарға зорлық жасаған", - дейді баспасөз қызметінің өкілдері.
Осы жайтқа байланысты Ақтөбе қалалық ішкі істер басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше баптары: 192-бабы, 2-бөлігі ("Қарақшылық, қарумен тонау"), 120-бабы 2-бөлігі (зорлау, өлтіру қатерін төндірумен ұласқан және 121-бабы 3-бөлігі ("зорлық-зомбылық әрекеттер") бойынша қылмыстық іс қозғады.
"Полиция қызметкерлері осы ауыр қылмыстың "ізін суытпай" ашып, қылмыскерлерді қолға түсірді. Қазір олар қамауға алынды. Көп ұзамай сот алдында жауапкершілікке тартылатын болады. Олар жасаған қылмыстары үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін" - делінген баспасөз хабарламасында.
Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері үстіміздегі жылы дәстүрлі емес теріс 19 діни ағым өкілдерінің 25 жалпы қылмыстық істерге қатысы барын анықтаған. Олар ұрлық, ұрып-тонау, қарақшылық шабуыл жасау, қорғансыз әйелдерге қатысты әдепсіз жыныстық зомбылық әрекеттер жасау және бейбіт тұрғындарға қарсы заңсыз қару операциялары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ақтөбе облысында тағы бір жайт дәстүрлі емес теріс діни ағым өкілдерінің мешіттерде ұрлық жасағанына қатысты сот үкімдері де шықты.