28 ақп, 2022 сағат 15:03

Ақтөбеде несиелік амнистияға көмектесемін деп тұрғындарды алдаған әйел ұсталды


Ақтөбеде несиелік амнистияға көмектесемін деп тұрғындарды алдаған әйел ұсталды. Бұл туралы Ақтөбедегі Алматы ауданының прокуроры Жасұлан Дәулембаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Ақтөбе қаласы Алматы ауданының прокуратурасы Ақтөбе тұрғынына қатысты негізгі іс жүргізу шешімдерін келісті. Ол несиелік амнистия туралы жалған ақпарат таратып, кредитті толық кешіртуге көмек көрсетемін деп уәде беріп, екі әйелді кредит алуға көндіріп, жәрдем көрсеткені үшін алынған кредит сомасының 40 пайызын алған.

Несие алу үшін әйел жәбірленушілерді Қарағандыға шақырған. Жәбірленушілердің әрқайсысы бір күнде бес банктен 10 миллион теңгеден аса сомаға несие алған", - деп хабарлады Дәулембаев Facebook-те.

Арада бірер ай өткен соң ешкімнің несиесі кешірілмейтіні белгілі болған соң, жәбірленушілер полицияға жүгінген.

Күдіктіге іздеу жарияланды, сот қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.

"Полицияға осыған ұқсас алаяқтық дерегі бойынша басқа да өтініштер келіп жатыр, осыған байланысты біз тек ресми ақпаратқа сену керектігін ескертеміз", - деп қосты Дәулембаев.