24 қар, 2021 сағат 17:35

Ақтөбеде есірткіге елтіген жүргізуші көлігінен бірнеше мылтық, оқ-дәрі табылды


Ақтөбеде полиция қызметкерлері жедел ұстау шарасы өткізіп, жеңіл көлікті тоқтатты. Көлік ішінен бірнеше қару-жарақ тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға 21 қараша күні сағат 00.42-де болды. Полиция қызметкерлері алған ақпарат бойынша жедел іс-шаралар өткізу кезінде Жаңақоныс елдімекені маңында ресейлік есептегі «ВАЗ-2199» автокөлігін тоқтатты. 18 жастағы жүргізушінің жанында 25 жастағы екі жолаушы болған.

«Автокөлікті тексеру кезінде полиция қызметкерлері «ИЖ» маркалы екі ұңғылы шолақ аңшы мылтығын және «ИЖ» маркалы екі тегіс ұңғылы мылтықты, 16 калибрлі 6 патрон мен 2 пышақты тәркіледі. Сонымен қатар жүргізушінің есірткілік масаң күйде болғаны анықталды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Айта кетейік, осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Қаруды, оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полицейлер қару-жарақты не үшін жанында ұстап жүргенін анықтау үшін тергеу жүргізі жатыр. Осы баптың санкциясы бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.