05 қаз, 2020 сағат 14:41

Ақтөбеде 900 орындық мектептің құрылысы кезінде 21,8 млн теңге жымқырылған

Ақтөбеде мемлекеттік органдағы лауазымды тұлғалардың бюджет қаражатын жымқыру фактісі тексеріліп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржы мониторингі комитетіне сілтеме жасап.

Қаржы мониторингі комитетінің Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті «Қазына» жедел алдын алу шарасы аясында бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтады.

«Жергілікті бюджет есебінен бастапқы, негізгі орта және жалпы орта білім объектілерінің құрылысы мен жөндеу» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында Ақтөбе қаласының құрылыс бөлімі мен бір серіктестік арасында жалпы сомасы 1,5 млрд теңгенің келісімшарты жасалған. Ол бойынша Ақтөбе қаласының бір ауданында 900 орындық орта мектептің құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алу құрылыс-монтаждау жұмыстары туралы келісімшартқа қол қойыладыАлайда, жарияланған жұмыс толық көлемде жүргізілмей, салдарынан келген залалдың мөлшері 21,8 млн теңгені құраған.

Бұл факт бойынша ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлімі 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, жымқыру фактісіне мемлекеттік органдағы лауазымды тұлғалардың қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.