Ақтөбеде «Браконьер» жедел-алдын алу шарасы кезінде 167 дана киік мүйізі тәркіленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Полиция Шалқар ауданының Бегімбет кентінде 36 жастағы жергілікті тұрғын мен 28 жастағы Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғынын ұстады.
«Мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ «Планета-3» маркалы мотоциклді тінту барысында 167 дана киік мүйізі бар қап тәркіленді. Бұдан басқа, үй қоймасы бөлмесінен 12 калибрлі «ИЖ-18мм» бір ұңғылы аңшылық мылтығы және 12 патрон, ас бөлмесінен салмағы 5 келі киік еті табылды. Қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-тармағы, яғни, «Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлардың түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктінің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Киік мүйіздерін көтерме сатып алумен және оларды жақын шетелдерге өткізумен айналысатын адамдарды анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шарасы жүргізіліп жатыр», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.