26 нау, 2026 сағат 10:25

Ақтөбе облысында 99 жасөспірім қыз жүкті болған: арасында 14 жастағылар да бар


Фото: ашық дереккөз


2025 жылы Ақтөбе облысында 99 жасөспірім қыздың жүкті болғаны анықталды. Олардың басым бөлігі  17–18 жаста болса, арасында жасы кіші мектеп оқушылары да бар. Бұл туралы өңірлік дәрігерлер мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz  «Диапазонға»сілтеме жасап.


Балалар гинекологы Салтанат Тубулбаеваның айтуынша, көп жағдайда ата-аналар қыздарының жүкті екенін тым кеш байқайды. Жасөспірімдер кең киім киеді, ал жүрек айну мен құсу сияқты белгілер көбіне басқа аурумен шатастырылады. Соның салдарынан қыздардың көбі дәрігерге жүктіліктің 20–21 аптасында ғана келеді.


Маманның сөзінше, жасөспірімдердің 98 пайызы босанған. Кей жағдайда жүктілікті үзуге медициналық немесе әлеуметтік себептермен ғана рұқсат беріледі. Егер мерзімі 21 аптадан асып кетсе, жүктілікті тоқтату мүмкін емес.

Дәрігердің айтуынша, жас организм үшін жүктілік үлкен қауіп тудырады. Сондықтан әр жағдайды акушер-гинекологтар, генетик, психолог және басқа да мамандардан тұратын арнайы комиссия қарайды.


Мамандардың мәліметінше, былтыр жүкті болған ең жас қыз – 14 жаста. Жасөспірімдердің басым бөлігі колледж студенттері, ал мұндай жағдайлар аудандарда сирек тіркеледі. Көп жағдайда қыздардың аналары декреттік демалыс алып, жаңа туған сәбиге өздері қарайды, ал қыздар оқуын жалғастырады.


Сонымен қатар кейбір жасөспірімдердің жүктілігі зорлық-зомбылықтың салдарынан болғаны да айтылды. Дәрігердің айтуынша, мұндай жағдайларда зорлық көрсеткендер көбіне қыздарға ең жақын адамдар болып шығады.