Фото: Zakon.kz
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналист Ботагөз Омарованың ұсталуына қатысты пікір білдіріп, аталған жағдай министрліктің бақылауында екенін мәлімдеді деп хабарлайды Ult.kz.
Министрдің айтуынша, мұндай істерде заңда көзделген барлық рәсімдер аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасап, алдын ала баға беруге болмайды. Бұл оқиғаның мән-жайын бұрмалауға немесе процеске қатысушыларды негізсіз айыптауға әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ ол таратылып жатқан ақпараттың дұрыстығын тексеру журналистердің негізгі міндеттерінің бірі екенін еске салды. Бұл талап «Масс-медиа туралы» заңда нақты көрсетілген.
Балаева заңнамада журналистерді шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратқаны үшін жауапкершіліктен босататын жағдайлар да қарастырылғанын атап өтті. Атап айтқанда, ресми мәлімдемелерді сөзбе-сөз, өзгеріссіз келтіру мұндай жағдайлардың қатарына жатады.
Министрдің сөзінше, кез келген мәселені қарау барысында «Заң және тәртіп» қағидаты қатаң сақталуы тиіс.
Қазіргі уақытта Мәдениет және ақпарат министрлігі жағдайды бақылап отыр. Қажет болған жағдайда ведомство өз құзыреті аясында тиісті шаралар қабылдауға дайын. Сонымен қатар барлық процессуалдық әрекеттер заңнама талаптарына сәйкес, сыртқы араласусыз жүргізілуі тиіс екені атап өтілді.
