26 нау, 2026 сағат 16:19

Ломбардтағы қарыз ипотека алуға кедергі ме: агенттік нақты жауап берді


Фото: gov.kz


Ломбардтан алынған қарыз ипотека немесе банк несиесін алуға тікелей кедергі болмайды. Алайда ол қаржы ұйымының шешіміне елеулі әсер етуі мүмкін. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.


Агенттік түсіндіргендей, банк немесе микроқаржы ұйымы өтінімді қарау кезінде қарыз алушының қаржылық жағдайын, төлем қабілеттілігін және кредиттік тарихын жан-жақты бағалайды. Осы кезде ломбард алдындағы берешек те басқа несиелермен қатар есепке алынады.


Егер қарыз алушының ломбардта мерзімі өткен берешегі болса, бұл ипотеканың мақұлдану мүмкіндігін айтарлықтай төмендетеді. Себебі мұндай қарыздар кредиттік бюроларға тіркеледі және борыш жүктемесін есептеу кезінде толық ескеріледі.


Сондай-ақ ломбардтағы қарыз уақытында өтелмесе, кепілге қойылған мүлік кемінде 30 күн сақталады. Осы уақыт ішінде қарыз алушы берешегін жауып, затын қайтарып ала алады. Ал мерзім өткен соң ломбард кепілді сатуға немесе өз меншігіне рәсімдеуге құқылы.


Агенттік өкілдері кредит беру туралы соңғы шешімді банк немесе микроқаржы ұйымы заң талаптарын және өзінің ішкі кредиттік саясатын ескере отырып, жеке қабылдайтынын атап өтті.