12 там, 2020 сағат 09:30

Ақтөбе облысында 70 бас киікті атқан күдіктілер ұсталды

Ақтөбе облысында киік атып, мүйізін сатып келген бір топ адам ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ақтөбелік полицейлер «Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полицейлер Ақтөбе мен Әйтеке би ауданы тұрғындарының киікті заңсыз ату және сату айналымына қатысы бары туралы ақпарат алды. 10 тамызда полицейлер Қарабұтақ кентінде күдіктілермен сатып алушылар ретінде кездесу ұйымдастырды», - дейді облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов. 

Оның айтуынша, арнайы қабылданған шаралар нәтижесінде ПД қызметкерлері бұрын сотты болған 4 адамды ұстады. Олардың екеуі Әйтеке би ауданындағы шаруа қожалықтарының басшылары болып шықты.

Күдіктілерден жалпы салмағы 50 келі болатын 135 дана мүйіз тәркіленді. Сонымен қатар, олардың бірінің үйін тінту барысында тіркелмеген мылтық тәркіленіп, қорадан сойылған екі киік пен жабайы қабан табылды. 

Браконьерлер барлығы 70 бас киікті атқан.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қылмыстық кодекстің «Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және Құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз іс жүргізу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Айта кетейік, жыл басынан бері Ақтөбе облысында киікті заңсыз атқан 2 факті және мүйізін сату бойынша 8 дерек тіркелді.