30 қыр, 2020 сағат 11:42

Ақтөбе облысы әкімінің бұрынғы орынбасары 12 жылға сотталды

Бүгін Нұр-Сұлтан қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Руслан Мамуновқа қатысты айыптау үкімін шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Нұр-Сұлтан қалалық сотының мәліметінше, Р.Мамунов танысының туысы – Қостанай қаласының бұрынғы әкімі жемқорлық қылмысы үшін сотталғанын біле тұра, олардың ақшаларын алдап, иемденген. Ол сот жүйесіндегі таныстарының бар екендігін айтып, жазаны жеңілдетуге және тәркіленген мүліктерді қайтаруға көмектесетіндігіне уәде берген. Сол үшін ол 1,2 млн доллар қаражатын алып, оған пәтерлер мен автомобиль сатыл алған.

Р.Мамуновтың кінәсі куәгерлердің куәлігімен және олардың әңгімелесу кезіндегі аудио жазбасы арқылы сараптама қорытындысы арқылы дәлелденген. Осыған орай Р.Мамунов ҚР ҚК кодексінің бірнеше бабымен кінәлі деп танылған.

«Сот үкімімен Мамуновқа қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде жазасын өтеуге 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқара алмайды. Ұрланған ақша сатып алынған екі көлік пен 2 бөлмелі пәтер тәркіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - деді қалалық соттан.