03 қар, 2020 сағат 12:25

Ақтауда 200 үлескер заңсыз құрылысқа ақша салып, алданып қалды

Ақтауда заңсыз құрылысты анықтау бойынша мониторинг жұмыстары басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай заңсыз салынып жатқан құрылысқа ақша салып алданған 200 үлескердің мәселесіне қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, Ақтау қаласының аумағында рұқсат құжаттары рәсімделмей, құрылысы басталған көпқабатты тұрғын үйлер бар.

Аз уақыттың ішінде үш бірдей тұрғын үй кешенінің құрылысты рұқсатсыз жүргізгені анықталды. «Самғау», «Гаухартас» және «Махаббат» кешендері жобаға сәйкес келмейді.

Біреуі - кеңсе ғимаратының, енді бірі - автотұрақ орнына тұрғын үй салған. Онымен қоса үлескерлерді тартып, жүздеген адамнан алдын ала қаржы жинап алған.

Бір компания тіпті бір пәтерді бірнеше адамға сатқан екен. Қазір мердігер компанияларға алданғандар не баспана жоқ, не ақша жоқ, сан соғып қалып отыр. Заң талаптарын орындамаған жауапсыз компаниялар үстінен арыз түсірілмек.

Ақтау қаласының әкімі үлескерлерге құрылысы бітпеген үйлерге ақша салмауды, оның заңды, заңсыз салынып жатқанын алдын ала әкімдіктен анықтап алуды ескертті.

«Ақтау қаласында өкінішке орай заңсыз түрде құрылысы жүріп жатқан бірнеше үй бар. Тұрғындардың ақшасын алып үйді салып бітіре алмай жатыр. Қаржы салған азаматтар арыз жазулары керек. Кейін құқық қорғау органдары құрылыс салып жатқан мекеменің басшыларын тексереді. Содан кейін тиісті шараларды қабылдайтын болады. Біздер әкімшілік тарапынан бей-жай қалмаймыз. Бұл мәселе қазір тікелей облыс әкімінің қарауында тұр. Алдағы уақытта заңсыз құрылыс жүріп жатса, оларды тоқтатамыз. Бұл жерде құрылыс мекмелемелерімен ғана емес, жарнама беретін мекемелермен жұмыс жүргізіліп жатыр. Егер заңсыз құрылыс болса, оларға жарнама берілмесін деген тапсырма бар», - деді қала әкім Н. Қилыбай.

Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі қала аумағында салынып жатқан құрылыс нысандарына тұрақты мониторинг жүргізеді.

Тиісті рұқсат құжаттарын рәсімдемей құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша Маңғыстау облысының қала құрылысы және жерді бақылау басқармасы 2018 жылы – 66 әкімшілік іс қозғап, айыппұл салған.

2019 жылы – 130 әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды, 2020 жылы – 30 нысанға қатысты тексеру жұмыстарын жүргізуге хат жолданды.