АҚШ президенті Джо Байден Украина басшысы Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесіп, Киевке жаңа әскери көмек беретінін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақ үй сайтына сілтеме жасап.
АҚШ басшысының сөзінше, Вашингтон "қару-жарақ, оқ-дәрі және Украинаның қауіпсіздік саласына басқа да көмек түрінде" қосымша 800 миллион доллар бөледі.
Байден АҚШ Киевке жаңа көмек аясында бұрыннан жеткізіліп жүрген қару-жарақ пен әскери техникадан бөлек, бронтранспортерлерді, артиллериялық жүйелер мен снарядтарды қоса алғанда "жаңа құралдарды" жіберуге ниетті екенін айтты.
"Мен қосымша тікұшақтардың берілуін де мақұлдадым", - деді Байден.
Оның айтуынша, қару-жарақ жеткізуден басқа, Америка Құрама Штаттары одақтастармен Украинаға айтарлықтай әскери көмек көрсетуге келісті.
Бұған дейін АҚШ Украинаға 300 миллион доллар көлемінде қосымша әскери көмек берген болатын.
875 рет оқылды