АҚШ-та маймыл шешегін жұқтырғандардың көбеюіне байланысты Байден әкімшілігі бүкіл елге вакцина таратуды бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі NBC News арнасына сілтеме жасап.
АҚШ денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету министрлігі «Jynneos» вакцинасының 56 мың дозасын вирус жұқтыру жылдамдығы жоғары аймақтарға жіберді. Бірнеше апта ішінде тағы 240 мың вакцина таратылмақ. Күз соңына дейін кем дегенде 1,6 млн доза қолжетімді болады деп күтіліп отыр.
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының соңғы мәліметтеріне сәйкес, инфекция жұқтыру саны ең көп аймақтарға Калифорния, Нью-Йорк, Иллинойс, Флорида және Вашингтон қалалары кіреді.
АҚШ-та маймыл шешегі алғаш рет мамыр айында Массачусетс штатында анықталды. Содан бері вирус бүкіл елге тарап, 28 штатта 306-дан астам жұқтыру жағдайы тіркелді.
Азық-түлік және дәрі-дәрмектерді бақылау басқармасы мақұлдаған екі дозалы «Jynneos» вакцинасы инфекцияның алдын алып қана қоймай, жұқтырған инфекцияны тоқтатады. Доза 28 күн аралықпен салынады.
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы 49 елде кем дегенде 4 700 адамның маймыл шешегін жұқтырғаны анықталғанын хабарлады.