11 сәу, 2022 сағат 16:42

АҚШ санкциялардың Қазақстанға әсерін барынша жұмсартуға тырысады - СІМ


АҚШ Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға әсерін барынша жұмсартуға тырысады. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Узра Зеямен кездесуден кейінгі брифингіде ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мәселе шынымен де өте күрделі, әрі маңызды. Қазір ғана АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары атап өткендей, АҚШ Ресейге, бірқатар тұлғаға теңдессіз санкция салып отыр. Елдеріміздің арасында терең интеграцияның, әлемдегі ең ұзын шекараның болуына байланысты бұл санкциялардың әсерінен тысқары қалмайтындығымыз сөзсіз. Мұны қазірдің өзінде баға қалыптасу саясатынан, дүкендердегі ахуалдан байқап жүрсіздер», - деді министрдің бірінші орынбасары БАҚ өкілдерінің сауалына орай. 

Ол Қазақстан Үкіметі АҚШ өкілдерімен барлық деңгейде қарқынды келіссөз жүргізіп жатқанын атап өтті. 

«Осы орайда АҚШ-қа осынау икемділігі, ынтымақтастыққа дайындығы үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Сыртқы істер министрлігі қазірдің өзінде мүдделі тараптар келіссөзінің бірнеше раундын өткізді. Оған Қазақстан тарапынан экономика мен қаржы саласына жұмылдырылған мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП өкілдері, АҚШ тарапынан Елшілік, Мемлекеттік департаменті, өзге де ведмостволарының өкілдері қатысты. Аталған консультациялар барысында біздің тарапымызға осы санкциялар кезінде не істеумізге қатысты егжей-тегжейлі жауап берілді. Шындығында америкалық тарап нарықтарымыздың, экономикамыздың өзара тығыз байланысты екенін түсініп отыр және олар санкциялардың қазақстандық экономикаға әсерін барынша жеңілдетуге, төмендетуге тырысуда. Бұл бағытта жұмыс одан ары да жалғаса береді», - деді Ақан Рахметуллин.