Ақмола облысының Ақкөл қаласында үш жасөспірім 56 жастағы ер адам зорламақшы болған әйелге араша түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 наурызда теміржолдың бойымен жұмыстан үйіне келе жатқан әйелге күдікті шабуыл жасаған. Ер адам әйелді соққыға жығып, зорламақшы болды. Осы кезде сол маңнан өтіп бара жатқан 14, 17 және 18 жастағы жасөспірімдер әйелдің жанайғайын естіп, көмекке ұмтылды. Балалар полицияға қоңырау шалып, көмекке шақырған.
«Әйелді зорламақшы болған күдікті оқиға орнынан қашып кетті. Алайда, полиция оны ізін суытпай қолға түсірді. Жасөспірімдер мен зардап шегуші қаскөйді бірден таныды», - деді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.
Белгілі болғандай, күдікті – Ақкөл қаласының бұрын сотты болған 56 жастағы тұрғыны. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің «Зорлау әрекеті» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.