18 сәу, 2022 сағат 15:16

Ақмолалық әйел алаяқтарға сеніп 3 млн теңгесінен айырылды


Ақмолалық әйел алаяққа 3 млн теңгеге жуық несие рәсімдеп берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқтың арбауына түсіп қалған Зеренді ауданы Чаглинка ауылының 48 жастағы тұрғыны. Ол өзіне полиция қызметкері ретінде хабарласқан алаяққа Көкшетау қаласындағы екі банктен 800 000 және 2 миллион теңгеге несие алып берген. 

«11 сәуірде әйелдің ұялы телефонына белгісіз абоненттен қоңырау түскен. Телефон шалған адам өзін Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкері ретінде таныстырған. Ол әйелге алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін екенін және бұған жол бермеу үшін полициямен бірге жұмыс істеу қажеттігін айтқан», - деді ведомстводан.

Бұдан әрі жаңа бөлімнің жалған қызметкері әйелдің атына несие заңсыз рәсімделуі мүмкін екенін айтты және оған жақын арада барлық жағдайларды нақтылау үшін банкке баруға кеңес береді. 

«Осылайша, алаяқтардың арбауына түскен әйел келесі күні «полицияның» арнайы операциясына қатысатынына сеніп, банктен 800 000 теңге несие рәсімдейді. Кейін екінші банкке барып, тағы 2 миллион несие алып, ақшаны қайтару үшін «полицияның» есеп-шотына аударады. Сәуірдің 14 күні ғана ол учаскелік полиция қызметкерімен кездескенінде ғана алаяқтың алдауына түскенін біледі», - деп толықтырды ведомстводан.

Қазіргі кезде осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізілуде.