Белгісіз біреулер екінші деңгейлі банктің мәліметтер базасын бұзып, бес адамның есепшотында жатқан ақшаны басқа жерге аударып алған, деп хабарлайды Ақмола облыстық полиция департаменті.
Қазіргі кезде осы іске қатысы бар деген күдікпен бір адам ұсталды.
Ресми мәліметке сәйкес, полицияға банктің өкілі арызданған. Оның айтуынша, хакерлер жеке тұлғалардың мәліметтер базасына кіріп, ақшаны жалған есепшотқа аударып қойған.
Шығынның көлемі айтылмай отыр.
"Осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен бір адам ұсталды. Ақмола облысы полициясының криминалдық басқарма қызметкерлері оны "Hi-tech" шұғыл алдын алу шарасы аясында қолға түсірген", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 2-тармағы бойынша (Алаяқтық, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен) сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.