Халықты жаппай вакциналау мәселесі бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Эпидемиологиялық жағдай Үкіметтің күнделікті бақылауында. Өңірлерде қажетті көлемде вакцина бар. Дегенмен келесі бағыттар бойынша нақты іс-шаралар қабылдануы қажет. Біріншіден, әкімдерден халықты вакциналау бойынша жұмысты ары қарай күшейтуді сұраймыз. Оның ішінде ауыл тұрғындарын егумен қамтуды арттыру қажет. Екіншіден, халықты жаппай вакциналау мәселесі бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу маңызды. Егу пункттерінің жұмысы туралы және қолжетімді вакциналар жөніндегі ақпарат тұрғындарға кеңінен таратылуы қажет», - деді вице-премьер.
Үшіншіден, Ералы Тоғжанов кәсіпкерлік нысандарына «Ashyq» жобасын енгізу жұмыстарын жалғастыру керектігін баса айтты.
«Бүгінде бұл бағдарлама республика бойынша 3 мыңға жуық бизнес субъектілерінің шектеу іс-шараларына қарамастан қалыпты жағдайда жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде 650 мың адам осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Алайда, бағдарламаны бизнеске енгізу көрсеткіштері Ақмола, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында әлі де төмен. Бұл бағытта барлық өңірде жұмыс күшейтілуі қажет. Оның ішінде вебковид ақпарат жүйесіне ауруға шалдыққандар және байланыста болғандар туралы деректерді уақытында енгізу әкімдердің ерекше бақылауында болуы тиіс», - деді ол.