Фото: ашық дереккөз
ҚазТАГ басшысы Әсет Матаев карантинге ауыстырылған. Бұл жөнінде адвокаты Рена Керимова хабарлады.
"Мерекелерден кейін бейсенбі күні тергеу изоляторына Әсет Матаевқа кіріп шықтым. Оған қараудың өзі ауыр: маңдайында үлкен тыртық, көзі ісіп кеткен, бетінің жартысы қап-қара, ісінген. Ол осындай халде жаңадан келген қамалушылармен бірге карантинде отыр. Карантин 15 күнге созылады", - деп жазды адвокат.
Ақпаратқа реакция білдірген адвокат Сәуле Көпжанова да журналистке тағайындалған бұлтартпас шараның қаталдығын алға тартты.
"Журналистер мен адвокаттарға қатысты сұмдық, жол беруге болмайтын нәрселер болып жатыр. Адам ерекше медициналық көмекке зәру, ал оны сауығуға жағдай жоқ камерада ұстап отыр. Бұл азаптауға көбірек ұқсас, себебі адам қиналып жатыр", - деп жазды Көпжанова Facebook-та.
Өткен аптада Әсет Матаевтың Алматыда төбелес кезінде соққыға жығылғаны хабарланған еді. Полицияның айтуынша, “Бұзақылық” бабы бойынша іс қозғалып, төбелеске қатысушылар оның ішінде, Матаев та ұсталған.
Әсет Матаев Қылмыстық кодекстің 293-бабының ("Бұзақылық") 2-бөлімі бойынша күдікке ілінген. Бұл бап бойынша 3-тен 6 жылға дейін бостандығынан айыру көзделген.
20 наурызда Әсет Матаев екі айға қамалған.
