01 нау, 2021 сағат 12:25

Адам өлтірген күдікті қамауда – Алматы ПД басшысы

Алматы Полиция департаменті адам өлтірді деп ұсталған әкімдік жүргізушісі туралы мәлімет жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Күдікті адамға қатысты Алатау аудандық ПБ ҚР ҚК 99-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу ісін бастады. 

«Күдікті ізі суымай ұсталды. Конвой көмегімен ұсталып бөлімшеге жеткізілді. Сот санкциясымен қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасы қабылданды. Тергеу шарасы барынша ашық, әділ өтіп жатыр. Тергеу барысы менің бақылауымда», - деді қалалық ПД басшысы Қанат Таймерденов. 

Айта кету керек, бүгін Алматы тұрғыны Ажар Әбдірешева қала әкімі Бақытжан Сағынтаевқа күйеуінің өліміне қатысты видеоүндеу жариялаған болатын. 

Кейін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бұл істі жеке бақылауына алып, ПД басшысына істі обьективті тергеуді тапсырды. 

Ал әкімдік күдіктінің әкімдік қызметкері немесе мемлекеттік қызметші санатына жатпайтынын айтты.