Тәуелсіздігіміздің ең басты жеңісі – бейбітшілік пен келісім. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі» республикалық конференциясында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, тәуелсіздігіміздің ең басты жеңісі – бейбітшілік пен келісім. Иә, бұл шын мәнінде жеңіс, халқымыздың ұзақ жылдық еңбегінің нәтижесі. Рухани келісімсіз Қазақстанның дамуы мүмкін емес, онсыз кез келген жаһандық сын-қатер алдында шарасызбыз. Ақпараттық технологиялар ғасырында біздің санамыз деструктивті күштердің ықпалынан қорғалмаған. Олардың идеологиясы жаңа дүниені – өзге этнос, өзге дін, өзге сенім, өзге пікірді қабылдамауға негізделген. Олардың әлемі тым қарапайым: жақсы дін немесе жақсы ұлт бар, қалғандары маңызды емес. Жастар да жабық кездесулерде, митингтерде, уағыздар мен Youtube-те тікелей эфирдегі демагогияны байқай бермейді де, жат ағымға ереді. Салдарынан этникалық шиеленістер туындайды, алыс Сириядағы майданнан жүздеген отбасын қайтарамыз, жазықсыз адамдардың өмірін қиған терракттар ұйымдастырылады. Бұл мәселені ашық айтып, талқылауымыз қажет, бірлесіп, шешімін іздейік», - деді министр Бейбітшілік және келісім сарайында Рухани келісім күніне арналған республикалық жиында.
Д. Абаев өзекті мәселелердің өзінен-өзі шешілгенін күтіп отырмай, өзара құрмет пен ынтымақтастық идеологиясы арқылы зорлық-зомбылыққа қарсы тұруға болатынын айтты.
«Идеология» сөзінің өзі жауырға айналғанын түсінемін. Өйткені, бұл тақырыпта көптеген адамдар өзін сарапшы сезінеді. Фейсбукте елдің дамуын талқылайтын «желі ойшылдары» жаһандық бақытқа кенелу үшін дұрыс идеология қажеттігін айтады. Қазір еліміздегі идеологияны 3 түрлі ұстанымда талқылау қалыптасқан. Бірінші ұстаным – «Заманауи әлемге идеология қажет емес, бұл – индустриалды дәуірдің сарқыншағы» деген сарында. Бұл пікірмен келіспеймін. Жылдар бойы қоғам мен оның мәселелері өзгеріп келеді. Мемлекеттер құрылып, мүлдем басқа коммуникация каналдары құрылды. Балабақшадан зейнет жасына дейін бірізді жүріс-тұрысқа мәжбүрлеу схемасы қазір жоқ. Бірақ бұл идеология жоқ дегенді білдірмейді. Жалпыұлттық идеясы жоқ ел - территорияға, халық – тұрғынға айналады», - деді ол.
Екінші ұстаным ретінде министр «Идеология керек, бірақ ол Қазақстанда жоқ» деген пікірді келтірді.
«Идеология терең қоғамдық мүдделерді қамтығанда ғана жұмыс істейді. Мемлекеттік стратегияның шеберлігі сол, халықты біріктіріп, басқарудың ең оңтайлы негіздерін анықтауы тиіс. Бұл міндетті Назарбаев орындады, ол ұлттық ұстанымдар жүйесін құрды. Ол қандай ұстанымдар? Ең алдымен, әлеуметтік үндестікті айтуға болады. Ол бейбітшілік пен қоғамдық келісім, өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген. Келісім – барлығының бірдей көзқараста болуы емес, ең күрделі мәселелерді талқылау мен мәміле арқылы шешуді білдіреді. Ұлттың бірлігі – тіл, мәдениет, дәстүр ғана емес, ұлттың бірлігі – бірыңғай мақсаттар мен талпыныстар. Көпұлтты және копкөнфессиялы жас мемлекет үшін дау-дамай мен ұрыс-керіс – өте қауіпті», - деді Д. Абаев.
Министрдің айтуынша, үшінші ұстаным – «Қазақстанда идеология бар, бірақ, ол әлеуметтік инфантилизм, эгоизм, берекесіздік вирусын жұқтырған».
«Тоқмейілсу қақпанына түсудің қаншалықты қауіпті екенін білеміз. Сондықтан, біздің әрекетімізде, өмірімізде дұрыс рефлексия болуы керек. Мінсіз еместігімізді білеміз, сондықтан да қоғамдық сананы жаңғырту бойынша үлкен жұмыс жүріп жатыр. «Рухани жаңғыру» - бәзбіреулер ойлайтындай дәстүрлі мәдениеттің қайта өрлеуі емес. Көне заманды консервациялау шараларының жоспары да емес. Бұл – ұқыптылық, еңбекқорлық, аға-көкеге жүгінбей, өз күшіне сену, үнемі бәсекеге қабілетті болу және өзін-өзі жетілдіру сынды жаңа дәуірдегі өзекті құндылықтарды енгізу. Мұның барлығы бір күнде ұлттық келбетімізге айналмайды. Оған жүйелі түрде тұрақты үйрену керек», - деді Дәурен Абаев.
Айта кетейік, 18 қазан – Қазақстанда рухани келісім күні. 1992 жылы бекітілген. 1992 жылдың қазан айында Қазақстанның сол кездегі астанасы - Алматы қаласында рухани келісімнің 1-інші әлемдік конгресі өтті. Сол конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім күні - қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтам салу, татулық іздеу, жақыныңа қайырымдылық және көмек көрсету күні деп жариялау туралы манифест қабылдады.
Қазіргі уақытта елімізде 18 діни конфессия бар және 130-ға жуық этнос өкілдері өмір сүреді. Елімізде 3541 мешіт, шіркеу, ғибадатхана және 3720 діни бірлестік жұмыс істейді.