14 қаз, 2019 сағат 10:47

9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет кірістері 15%-ға, республикалық – 19%-ға өсті

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2019 жылғы қаңтар-қыркүйектегі республикалық бюджеттің орындалуы және еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында ЖІӨ 4,3%-ға өскенін айтты. Өсім құрлыстағы (13,5%-ға), саудадағы (7,6%-ға) және көлік саласындағы (5,5%-ға) шығарылымның ұлғаюымен қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 9,7%-ға өсті.

«Биылғы қыркүйекте жылдық инфляция 5,3%-ды құрады. Бұл жоспарланған дәліз шегінде сақталды. Қантар-тамызда халықтың нақты табысы 6,7%-ға өсті», — деді ҚР ұлттық экономика министрі. 

Өнеркәсіп өндірісі 9 айда 3,3%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібі мен кен өндіру өнеркәсібі өсудің драйверлеріне айналды. Өндеу саласында ең жоғары өсуге жеңіл өнеркәсіпте, машина жасауда, сусындар өндірісінде және фармацевтикада қол жеткізілді.

Р. Дәленовтың айтуынша, кен өндіру өнеркәсібінде металл кенін өндіру түсті металл кенін өндірудің 18,4%-ға ұлғаюымен қамтамасыз етілді.

«Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өсу 13,5%-ға дейін жеделдеді. 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді», — деді ұлттық экономика министрі.

Ауыл шаруашылығы саласында мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 3,5%-ға ұлғайды. Көрсетілетін қызметтер саласында өсім 4,4%-ды құрады. Көтерме сауда есебінен сауда көлемдері 7,6%-ға өсті. Жүк айналымының есебінен көлік қызметтері 5,5%-ға өсті.

Биылғы қаңтар-тамызда сыртқы сауда айналымы 1,8%-ға өсіп, $62,1 млрд құрады. Экспорт көлемі $37,6 млрд құрады. Импорт $24,5 млрд құрады. Негізгі көрсеткіштер бойынша өңірлердің көбінде өсімнің оң серпіні байқалады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

«Бірқатар өңір өңдеу, кен өндірісі өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру және инвестициялар бойынша жақсы қарқын көрсетіп отыр. Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Павлодар облыстарында 4 көрсеткіш жоғары өсімге ие, Атырау облысында – 3 көрсеткіш жақсы», — деді Р. Дәленов. 

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау облысында 3 көрсеткіш бойынша, Солтүстік Қазақстан облысында 2 көрсеткіш бойынша, Алматы, Қостанай, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Қарағанды облыстарында 1 көрсеткіш бойынша төмендеу байқалады.

Сондай-ақ, көрсеткіштердің тамыз айымен салыстырғанда Алматы, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында 2 көрсеткіш бойынша, Батыс Қазақстан облысында 1 көрсеткіш бойынша бәсеңдеуі тіркелді.

Жалпы, 9 айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік және байланыс) 2 өңірде жалпы өңірлік өнімнің нысаналы өсуіне қол жеткізбеу қаупін көрсетіп отыр. Бұл - Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары. Бұл ретте Батыс Қазақстан облысында қысқа мерзімді экономикалық индикатордың төмендеуі жалғасуда.

Өз кезегінде, ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов 9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірістері 15%-ға, республикалық – 19%-ға және жергілікті бюджеттер – 7%-ға өскенін айтты. Ұлттық қордың активтері 2018 жылдың 9 айымен салыстырғанда 15%-ға өсіп, 26 трлн 447 млрд теңгені құрады.

«Шығыстар бюджеттің барлық деңгейлерінде жоғары пайызбен игерілді: МБ – 99,6%, РБ – 99,8% және ЖБ – 99,3%. Есепті кезеңнің көрсеткіштері ағымдағы қаржы жылын жоғары деңгейде аяқтауға барлық мүмкіндіктер бар екенін көрсетеді», — деді Ә. Смайылов.

Республикалық бюджетке 4 трлн 817 млрд теңге кірістер түсті. Бұл жоспардан 61 млрд теңгеге көп немесе 101,3%. 2018 жылдың 1 қазанындағы жағдаймен салыстырғанда өсу қарқыны 118,5%-ды немесе 751 млрд теңгені құрады. Бұл соманың 738 млрд теңгесі салықтарға тиесілі.

«ҚҚС бойынша негізгі өсім – 421 млрд теңге, корпоративтік табыс салғысы – 184 млрд теңге және халықаралық сауда мен сыртқы операцияларға салынатын салықтар бойынша – 125 млрд теңге. Камералдық бақылау хабарламалары бойынша 177 млрд теңге қосымша есептелді. Оның 88 млрд теңгесі бюджетке түсті. Әкімшілендіру рәсімдерін цифрландыру нәтижесінде бюджетке 280 млрд теңге түсті», — деді Ә. Смайылов.

Жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 120 млрд теңгеге артығымен орындалды немесе 1 трлн 845 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың cәйкес кезеңімен салыстырғанда кірістер 119 млрд теңгеге өсті. Бұл салықтар есебінен қамтамасыз етілді. Кірістер бойынша жоспар, Нұр-Сұлтан қаласын қоспағанда, барлық өңірлерде артығымен орындалды.

Республикалық бюджеттің шығыстары 8 трлн 541 млрд теңгені немесе 99,8%-ды құрады. 

Қаржы министрінің айтуынша, нақтыланған республикалық бюджеттің жобасында 130 млрд теңге қаражат қайта қаралып, бөлінді. Біраз қаражат оңтайландырылды. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджетте 554 млрд теңге көзделген. Есепті кезеңде жоспарланған қаражаттар 100%-ға игерілді. 

«Жергілікті бюджеттер шығыстары 4 трлн 165 млрд теңгені құрады. Атқарылмағаны – 29 млрд теңге. Есепті кезеңде өңірлерге сомасы 1 трлн 71 млрд теңге нысаналы трансферттер аударылды. Жергілікті деңгейде олар 99%-ға немесе 1 трлн 60 млрд теңгеге игерілді», — деді Ә. Смайылов.

Есепті кезеңде 593 млрд теңге бюджет қаражаты 2 522 аудиторлық іс-шарамен қамтылды. Жалпы сомасы 174 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Оның 163 млрд теңгесі аудит барысында қалпына келтірілді. Жүргізілген камералдық бақылаудың нәтижесінде 547 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алу бойынша бұзушылықтарға жол берілмеді.