Нұр-Сұлтан қаласының Алматы аудандық соты 74 млн теңге жымқырған «Астана РЭК» АҚ қызметкерлеріне үкім шығарды. Бұл туралы елорданың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Нұр-Сұлтан қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті «Астана – Аймақтық электр желілік компаниясының» лауазымды қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізген болатын.
6 қаңтар күні Нұр-Сұлтан қаласының Алматы аудандық №2 соты «Астана-РЭК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары мен оның қол астындағы үш қызметкеріне – электр энергиясын тұтынуды бақылау қызметінің бастығы және учаскелер бастықтарына үкім шығарды. Сеніп тапсырылған электр энергиясын шығындаған олардың бәрінің үш жарым жылға бас бостандығы шектелді. Олар сонымен қатар 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылады.
«Компанияның лауазымды қызметкерлері кәсіпкерлік субъектілерімен алдын ала сөз байласып, жымқырылған электр қуатын шығын ретінде жазып отырған. Кейін осы жетіспеушілік электр қуатын тарату тарифінің өсуіне алып келген. Тергеу барысында осы қылмыстың салдарынан 74 млн теңге шығын келтірілгені анықталды. Сотталушылар шығынды толық өтеді», - делінген ақпаратта.