07 сәу, 2026 сағат 11:51

«7-20-25» айналасындағы алаяқтар: «кезекті жылдамдатамыз» дегендерге сенбеңіз

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанның орнықтылық қоры «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына қатысты алаяқтық әрекеттердің көбейгенін ескертті, деп хабарлайды Ult.kz.

Қор мәліметінше, өзін ипотекалық брокер, кеңесші немесе делдал ретінде таныстыратын күмәнді тұлғалар азаматтарға ақылы «көмек» ұсынып жүр. Олар кезекті «жеделдету», өтінімді «мақұлдатуға кепілдік беру» немесе банк лимитін «алып беру» сияқты жалған қызметтерді алға тартады.

Алайда мамандар мұндай ұсыныстардың барлығы шындыққа жанаспайтынын айтады. Қазіргі таңда бағдарламаға қатысушы банктер өтінімдерді толықтай онлайн қабылдайды. Жүйе автоматтандырылған, ал кезек электронды түрде қалыптасады. Сондықтан үшінші тұлғалардың бұл процеске араласуы техникалық тұрғыдан мүмкін емес.

Қор азаматтарды делдалдарға ақша төлемей, өтінімді өз бетінше беруге шақырады. Бұл тегін әрі баршаға тең қолжетімді.

Сондай-ақ құрылыс компанияларының сату бөлімдерінде де сақ болу қажет. Егер менеджерлер қосымша ақы сұрап, пәтер таңдауға немесе ипотека рәсімдеуге «көмек» ұсынса, бұл заңсыз әрекет болуы мүмкін. Мұндай жағдайда компания басшылығына шағымдану ұсынылады.

Бұдан бөлек, қор атынан мессенджерлерде, соның ішінде WhatsApp арқылы келетін хабарламаларға сенбеу керек. Белгісіз сілтемелерге өтпей, оларды бірден өшіріп, жіберушіні бұғаттау қажет. Себебі алаяқтар зиянды файлдар арқылы жеке деректерді ұрлауы мүмкін.

Қазақстанның орнықтылық қоры өз қызметкерлері азаматтармен мессенджерлер арқылы байланыс жасамайтынын атап өтті.

Егер алаяқтық фактілеріне тап болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.