30 мау, 2022 сағат 19:03

567 күдіктіге қатысты 300-ден аса іс сотқа жолданды - ІІМ


Қаңтар оқиғасына қатысқан 567 күдіктіге қатысты 346 іс айыптау актісімен сотқа жолданды. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ішкі істер министрлігі қаңтар оқиғасы бойынша қылмыстық істерді тергеуді жалғастыруда. Бүгінгі таңда ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 516 қылмыстық іс бар. Олар бойынша 14 адам күзетпен ұсталуда. 567 күдіктіге қатысты 346 іс айыптау актісімен сотқа жолданды. Олардың көпшілігі жаппай тәртіпсіздік уақытында жасаған ұрлық (424 адам), қаруды заңсыз сақтау (45), қаруды ұрлау (38), көлік құралдарын айдап кету (10), тонау (9) және бұзақылық (6) үшін жауапкершілікке тартылуда», - деді Санжар Әділов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында. 

Оның дерегінше, соттар 388 адамның ішінен: бас бостандығын шектеуге – 334 адамды; қоғамдық жұмыстарға – 4 адамды; айыппұлға – 4 адамды соттады. 12 адам татуласуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды және 46 адам ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағаны үшін бас бостандығынан айырылды.

«167 сотталушыға қатысты 86 қылмыстық іс әлі соттың қарауында», - деді ол.

Департамент бастығының дерегінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде азаматтар мен бизнес субъектілерінің құны 343 млн теңгеден артық ұрланған мүлкі алынды. Оның ішінде 12 автомашина, тұрмыстық техниканың 317 бірлігі, 189 зергерлік бұйым, 286 ұялы телефон, 16 млн-нан астам теңге, киімнің 550 бірлігі бар.