Биыл жазғы каникул кезінде әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 500 мыңнан астам оқушы сауықтыру демалысына жіберіледі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ведомство ақпаратына сәйкес, осы жазда 13 мың балалар лагері мен демалыс ұйымдарының жұмысын ұйымдастыру жоспарланған. Қаражат жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен бөлінетін болады. Эпидемиологиялық жағдай күрделеніп кетпесе, жазғы демалысқа 1 миллионнан астам оқушы бара алады.
Жазғы сауықтыру науқаны оқу жылы аяқталғаннан кейін бірден басталады. Бұл ретте балалар лагерлерін ашу және олардың толымдылығы туралы шешімді өңірлік санитарлық дәрігерлер қабылдайды. Мұның бәрі өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты.
«Санитарлық нормалар қатаң сақталуы керек. Өңірлер тиісті жұмыс жүргізді, сауықтыру лагерлері балаларды қабылдауға дайындалып жатыр. Өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай ескерілетін болады. Санитарлық дәрігерлермен бірге балалардың қауіпсіз демалуы қамтамасыз етілуі керек. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл мәселені бақылауға алуға тиіс», — деп тапсырды
Сонымен қатар жазғы кезеңде олимпиадалық резервтегі жазғы мектептер, тіл мектептері, дебат клубтары және түрлі дамыту үйірмелері жұмыс істейді.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жедел әрекет ету үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына білім басқармалары басшыларының орынбасарлары, мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері енген.
Республиканың барлық өңірінде «қауіпсіз аттракцион» рейдтік шаралары өткізіледі. Сонымен бірге «Балаға лайық» жобасы басталды. Мәселен жазғы уақытта балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ресми парақшаларында балалар мен олардың ата-аналары мақұлдаған дәмханалардың, саябақтардың, скверлердің және басқа да объектілердің фотосуреттері орналастырылатын болады.
«Сондай-ақ ҚР Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп суда және өрт кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілдері әзірленді. Ата-аналарға қырағылық танытып, балаларды үлкендердің қарауынсыз су қоймаларына жібермеуге кеңес береміз», - деді ҚР БҒМ баспасөз қызметінен.