БҚО Ақжайық аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Артур Әбілхайыровқа 7,5 миллион теңге айыппұл салынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі жергілікті "Мой Город" басылымына сілтеме жасап.
Орал қалалық сотының хабарына қарағанда, Әбілхайыровқа "Алаяқтық" бабы бойынша айып тағылған. Іс материалдарынан белгілі болғандай, биыл 5 ақпанда Чапаев-Жалпақтал тасжолында полиция қызметкерлері Яворский тізгіндеген ГАЗ-2752 автокөлігін тоқтатқан. Яворскийдің жүргізуші куәлігі болмаған және алкоголь иісі шыққан. Алайда ол медициналық тексеруден өтуден бас тартқан соң, полицейлер көлігін Ақжайық өңіріндегі арнайы тұраққа қойып, жүргізушінің өзі облыстық полиция департаментіне жеткізілген. Артур Әбілхайыров аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары бола тұра, қызметтік бабын пайдаланбақ болған.
"Әбілхайыров осы қылмыстық істі жүргізіп жатқан тергеуші Орынғалиұлына қанда алкоголь болу дерегін анықтау үшін Яворскийден қан үлгілерін алуға ауызша нұсқау берген. Оларды тергеуші сот химия-токсикологиялық және сот-наркологиялық сараптамаларын жүргізу үшін Әбілхайыровқа тапсырған. Кешке Яворский Әбілхайыровтың талабы бойынша оның қызметтік кабинетіне барған. Онда полицей қылмыстық істі тоқтатып, арнайы тұрақтан автокөлігін қайтарып беру үшін 500 мың теңге талап еткен. Яворский басқа амалы болмағандықтан Әбілхайыровтың заңсыз талабына келіскен", - делінген іс материалдарында.