23 жел, 2024 сағат 14:07

5 баланың өлімі: Қостанай облысының әкімі өрттің себебін атады


Видеодан скриншот


Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Жітіқарада 5 баланың өліміне алып келген өрттің себебін атады, деп хабарлайды Ult.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.


Құмар Ақсақаловтың сөзінше, өрт кезінде тек бір бала тірі қалған. 


"Өрт себебі бұған дейін де айтылып жүрген. Балалар сол күні үйде жалғыз қалған. Үйдің үлкен баласы таңғы 04:00 шамасында оянып, пеш жақпақ болған көрінеді. Сол кезде ағашпен бірге бөтелке салып жіберген. Салдарынан жарылыс орын алды. Бала далаға жүгіріп шыққан, қайтып келгенде қайғылы жағдай орын алып отыр. Сол күні Жітіқараға барып, көз жұмған балалардың анасы және әжесімен кездестік. Екі күннен кейін Жітіқара ауданының демеушілерімен келісіп, барлық техникасы бар екі бөлмелі пәтер алып бердік. Қазір сол жерде тұрып жатыр. Сондай-ақ психологиялық көмек көрсетілді", – деді облыс басшысы. 


Қостанай облысының әкімі тұрғындарға үндеу жасап, пешті дер кезінде тексеріп отыруды сұрады. 


"Жылыту маусымы алдында төтенше жағдайлар департаменті әлеуметтік оса топ пен көпбалалы аналар тұратын үйлерді аралайды. Мұржалар мен пештің жағдайын тексеріп, не істеу керегін айтады. Сосын көмір қышқыл газын бақылайтын датчик орнатылады. Бұл датчиктер бірнеше адамға көмектесті, осындай жағдайлар орын алған. Бірақ дер кезінде далаға шығып, азаматтар өртті сөндіріп үлгерген. Ал Жітіқарадағы жағдайда датчиктер өшіп тұрған екен. Сондықтан тұрғындарға айтарым, пештің жағдайын тексеріп отыру керек, мұржаны тазалап, датчиктердің жұмыс істеп тұрғанын тексеріңіз", – дейді ол. 


Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысында үйден өрт шығып, шатыры опырылуынан бес бала қаза тапқаны туралы хабарлаған едік.