Шымкентте адамшошырлық оқиға болды. Мадина (есімі өзгертілді) есімді әйел оның қызын ұрлап, зорлағандар туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы "Отырар" интернет басылымына сілтеме жасап.
24 жастағы қыз кешке үйге қайтуы керек болған. Алайда ол келмеді. Хабарласса, тұтқаны көтермеген. Бірнеше күннен кейін белгісіз біреу хабарласып, қыз оның қасында екенін, енді ол оның қалыңдығы екенін айтқан. Естіген дүниеге сене алмаған қыздың ата-анасы оның артынан барған. 40 жастағы ер адам Бәйдібек би ауданындағы ауылға апарып, аш қалдырып, зорлаған болып шықты.
"Ол ер адам менің қызымды және отбасымызды аңдып жүрген екен. Қызымды ұрлап, алдап көлігіне отырғызып, ауылға алып кеткен екен. Қызым қашып кетпек болған, бірақ құтыла алмаған. Оны ұрлаған сәтте ер адаммен бірге сыныптастары отырған. Қызым бейтаныс адамдардан көмек сұраған, алайда ешкім көмектеспеген.
Ер адам қызымды ауылға алып кеткеннен кейін егер қашып кетсе жақындарын өлтіретінін айтып қорқытып, телефонын тартып алған. Бастапқыда ер адам қызыма тиіспеген, бір күннен кейін молданы шақырған. Молда олардың некесін қиюдан бас тартқан. Себебі қызым жылап отырған. Бірақ ер адам молданы да мәжбүрлеген", - дейді қыздың анасы.
Неке түні ол қызды зорлап, қылғындырып, басын тамға ұрған. Мұның бәрінен ер адамның отбасы хабардар болған. Артынша ер адам қыз "таза емес" деп ойлап, оны үйіне қайтармақ болған. Осылайша, қыздың ата-анасын шақырған.
Ер адамның жақындары 1,5 жарым миллион теңге қалың мал алып келген. Неке түні өткеннен кейін "құдалар" ақшаны қайтаруды талап еткен. Жәбірленуші қыздың отбасы полицияға арызданған, сараптама жүргізілген. Алайда айғақ жетпегендіктен іс жабылған.
"Қалың малын бірден қайтардық. Өздері келіп, санап алып кетті. Біз оларға ер адам түрмеде шіритінін айттық. Бірақ ол барлық дәлелі барын айтып, тыныш отыруымызды сұрады. Бірақ біз бірнеше күннен кейін сараптама жасаттық. Ол жердегі әйел қызымның денесін толық қарамады. Ештеңе жоғын айтты. Бірақ қызымның денесі көгеріп кеткен, оны айтуға ұялып, сараптамада ештеңе айтпаған. Әлі күнге дейін өкінеміз", - дейді қыздың анасы.
Құқық қорғаушылар қызды алып қашқан ер адамның отбасын да жауапкершілікке тартуға болатынын айтып отыр. Адвокат Евгений Яворскийдің сөзінше, сот алдында істі жауып тастаған тәртіп сақшылары да жауап беруі керек.
Ал тәртіп сақшыларының сөзінше, іс расында айғақ жоқ болғандықтан жабылған.
"2 маусымда Шымкенттің Әл-Фараби аудандық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын қызын белгісіз біреу алып қашқанын айтып арызданды. Бұл дерек тіркелді. Жәбірленушінің өзі және қылмыстық процестің басқа да қатысушыларының айғақтарына сәйкес адамды заңсыз бас бостандығынан айыру туралы дәлелдер расталмады. Осыған байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарылды. Аудандық прокуратура қабылданған шешіммен келісті", - деді Шымкенттің ПД баспасөз қызметі өкілдері.