05 мау, 2022 сағат 19:35

"33 бюллетень талап етіңіз". Әзімова референдум туралы жалған ақпаратқа қатысты пікір білдірді

Фото: Tengrinews.kz

Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова референдумдағы дауыс беру ережелері туралы тараған хабарламаларға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Бүгін чаттардың бірінде: "Сайлау учаскесіне келіп, бір бюллетень емес 33 бюллетень талап етіңіздер" - деген аудио хабарламаны естідім. Яғни, ұсынылған түзетулер санын ескерген. Бірақ бұған дейін түзету пакетіне қатысты тек бір сұрақ болатыны туралы нақты түсініктеме берілген болатын. Сондықтан, бұлай түсіндіру қате ғана емес, ол азаматтық белсенділік пен референдумға қатысу ниетін мақсатты түрде бұзады", - деді Әзімова брифингте.

Оның айтуынша, дәл осы аудиохабарлама авторы азаматтарды параққа қандай нормаларға қатысты түзетулермен келіспейтінін жазып қоюға шақырған.

"Мұндай жазбалар автоматты түрде бюллетеньді жарамсыз етеді. Хабарламада: "Дауысыңызды басқа біреу пайдаланбауы үшін референдумға келіңіз" деп жазылғанымен, егер бүкіл аудиохабарламаны тыңдасаңыз, адамдардың дауысын жарамсыз қылуға әдейі итермелейді", - дейді Әзімова.

"Ол азаматтар сенімді ақпаратты барлық дереккөздерден: мемлекеттен де, азаматтық қоғамнан да алуы керек екенін айтты. Сондықтан мұндай хабарлама авторлары "жауапқа тартылуы керек", -  деді ол.