30 қаз, 2024 сағат 10:48

27 жылдық күрес: Қызылорда тұрғынына пәтерге меншік құқығы берілді

Фото: Pexels.com

1997 жылы Қызылорда тұрғыны 120 мың теңгеге 3 бөлмелі пәтер сатып алып, құжатсыз пайдаланғаннан кейін, 27 жыл өткенде сот арқылы пәтерге меншік құқығына ие болды, деп хабарлайды Ult.kz.

Сол кезде сатушыдан пәтердің техникалық төлқұжаты мен кілтін алғанымен, сатып алу-сату шарты жасалмай, пәтер сатушының атына тіркелген күйде қалған. Уақыт өте келе сатып алушы қайтыс болып, жесір қалған әйелі мұрагерлікке пәтерді өзінің атына рәсімдеуді сұрағанымен, сатушының Алматыға көшуіне байланысты бұл процесс созылып келген.

Жесір әйел бірнеше жыл бойы пәтерді коммуналдық төлемдер мен жөндеу жұмыстарының ауыртпалығын өз мойнына алып, пәтерді үздіксіз, ашық пайдаланған. Осы себеппен Қызылорда қалалық сотына меншік құқығын тану туралы талап қойған.

Сот барысында жауапкер тарап пәтерді сатқанын растап, талапты мойындаған. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 240-бабына сәйкес, 7 жыл бойы адал, ашық және тұрақты пайдаланған азаматтар мүлікке меншік құқығын ала алатынына сүйенген сот шешімі бойынша, жесір әйелдің талап-арызы қанағаттандырылды.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.