Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында 27 млн теңге жымқырған мемлекеттік бөбекжай-бақшаның меңгерушісі мен бухгалтеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2020 жылдың 21 қыркүйегінде оларға Алтай ауданының №2 соты үкімі шықты. Атап айтқанда Алтай ауданы әкімдігінің «Жасмин» бөбекжай-бақшасы» МКҚК меңгерушісі О.Н. Целовальникова 7 жыл 6 айға бас бостандығынан, ал аталған мекеменің бухгалтері Е.В. Потерина 7 жылға бас бостандығынан айырылды», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров онлайн брифинг барысында.
Агенттік өкілінің айтуынша олар бұған дейін өздерінің банктегі карта шоттарына негізсіз аудару және жеке кәсіпкер арқылы ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру жолымен мекекеменің 27 699 779 теңге қаражатын жымқырды деп күдіктелген.