ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов қаржы пирамидасын құрумен байланысты қылмыстар жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жыл басынан бері Ішкі істер министрлігінің құрылымдары 250 қылмыстық істі тергеумен айналысты, оның ішінде 120-сы сотқа жолданды. Жалпы, қаржы пирамидасы бойынша 98 адам қылмыстық іске тартылуда, 63-і қамауға алынған», - деді С. Әділов министрлік ұйымдастырған онлайн брифингіде.
Оның айтуынша, қаржы пирамидалары жөніндегі қылмыстық істер бойынша зардап шеккен жалпы 25 313 адам анықталды. Келтірілген шығын көлемі 33 млрд 254 млн теңгеден асты.
«Алаяқтар әрекетінен көбіне еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерінің тұрғындары зардап шекті. Бұл аймақтарда ірі қаржы пирамидалары белсенді қызмет еткен. Осы орайда «Гарант 24д», «Еstate Ломбард», «Выгодный займ», «Indigo-24 Evolution», «Gold Company LTD», «HomeAutoInvest» және басқалары болды», - деді департамент басшысы.
Оның атап өтуінше, ең қомақты шығын Ақтөбе, Түркістан, Батыс Қазақстан, Атырау, Павлодар, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындарына келтірілген.