22 қаң, 2021 сағат 18:10

25 млн теңгені жымқырған Шымкент балалар ауруханасының бас дәрігері мен есепшісі сотталды

Шымкентте ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілінген облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері мен бас есепшісі сотталды. Бұл туралы AntikorNEWS алаңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының үкімімен Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасына қарасты облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері А.А.Маймақов 4 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды», - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров. 

Сондай-ақ, аурухананың бас есепшісі де жауапкершілікке тратылды. 

«Бас бухгалтер Б.Т.Нарбаева заңды ұйымдарда материалдық жауапты тұлға лауазымын атқару құқығынан 5 жылға айырылды. Сонымен қатар оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы (ҚР ҚК 63-бабын ескере отырып, бас бостандығынан айыру мерзімі шартты болып саналады) тағайындалды. Олар 25 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру күдігіне ілінген», - деді ол.